«Қызылорда жастары» қауымдастығының тұсаукесері болды

ҚЫЗЫЛОРДА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Бүгін Қызылорда қаласында жаңадан ашылған «Қызылорда жастары» қауымдыстығын таныстыру рәсімі болып өтті.

Қауымдастыққа «Студенттер Жастар одағы» қоғамдық бірлестігі, «Ұлағат ұландары» жастар қоғамдық бірлестігі, «Самұрық» қоғамдық қоры, «Болашақ жастары» жастар қоғамдық бірлестігі, «Жас ғалымдар альянсы» қоғамдық бірлестігі құрылтайшылық етті.

Қауымдастықтың негізгі жұмыс бағыты - Сыр өңірінде мемлекеттік жастар саясатын жүзеге асыру, облыстағы жастар ұйымдарының басын бір шаңырақ астына жинау болып табылады. Ол сонымен қатар еліміздің басқа өңірлерімен тәжірибе алмасу, бәсекелестік орта қалыптастыру жұмыстарын қолға алады. Осы ауқымда өнерлі, шығармашыл, ауыл жастарын және әртүрлі бағыттағы жастар белсенділіктерін арттыруға атсалысады.

Жиында модератор - облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары А.Қайроллаев, «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ө.Болатбеков, «Ақ сөйле» қоғамдық бірлестігінің төрағасы М.Ниязов, жаңа қауымдастықтың төрағасы Б.Мәстеков сөз сөйледі.

Соңынан жұмыс тобының отырысы өткізіліп, онда қауымдастықтың іс-жоспары бекітілді.