Қызылорда жұртшылығы Наурыз мерекесін сән-салтанатымен қарсы алды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда жұртшылығы Наурыз мерекесін сән-салтанатымен қарсы алды. Орталық алаңда ақшаңқан 18 киіз үй тігіліп, ұлттық салт-дәстүрді дәріптейтін шаралар, спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ұлыстың ұлы күнінде облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова қызылордалықтарды әз-Наурыз мейрамымен құттықтап, ақжарма тілегін жеткізді.

«Екі жылдан бері әлемді жаулаған пандемия індеті салдарынан Наурыз мейрамын кең ауқымда атай алмадық. Міне, биыл індеттің беті қайтып, бәріміз емен-жарқын атап өтуге мүмкіндік алдық.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың наурыз айында Қазақстан халқына Жолдауын арнауы еліміздің жаңа тарихи кезеңі төл жаңа жылымыздан басталатынын көрсетті», - деді Гүлшара Әбдіқалықова.

Думанды шарада мәртебелі қонақ болған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Мұрат Бақтиярұлы мен Ақмарал Әлназарова, Мәжіліс төрағасының орынбасары Балайым Кесебаева Сыр халқына бақ-береке тіледі.

Өңір басшысы алаңда тігілген киіз үйлерге кіріп, қазақы дәстүрмен бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, жыр-термешілердің өнерін көріп, жұртшылықпен бірге Әз-наурызды қарсы алды.

Мерекеге жиналған тұрғындар да тағамдар мен наурыз көжеден дәм татты.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада республикалық «Көктем нұры» оқушылар айтысы өткізілді.

https://kaz.inform.kz/news/kyzylordada-respublikalyk-koktem-nury-okushylar-aytysy-otkizildi_a3913975