ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі пара алу дерегі бойынша бірқатар лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Қызылорда облысы ішкі мемлекеттік аудит департаментінің бөлім басшысы мен бас маманына қатысты тергеу жүріп жатыр.
«Аталған қызметкерлер мемлекеттік аудиторлық тексеру жүргізу кезінде жалпы сомасы 1 280 000 теңгені құрайтын пара алу дерегіне жол берген. Бұл ретте Қызылорда облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы тексеру бойынша оң шешім қабылдағаны үшін жоғарыда аталған тұлғаларға 50 000 теңге сомасында пара берген», - деп мәлім етті Қызылорда облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі.
Ведомство мәліметінше, сот Қызылорда облысының ішкі мемлекеттік аудит департаментінің лауазымды адамдарына қатысты күзетпен ұстау шарасын санкциялаған.
Өзге ақпарат тергеу мүддесіне байланысты жарияланбайды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.