Қызылордада 100 балаға арналған әкім шыршасы өтті
Арнайы ұйымдастырылған мерекелік шараға жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, тұрмысы төмен, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасы балалары, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндер және білім, өнер, спортта жетістіктерге қол жеткізген талантты да дарынды оқушылардан барлығы 100 бала қатыстырылды.
Қала әкімі Н.Нәлібаев балаларды құттықтап, өтіп бара жатқан 2016 жылы білім саласының жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті.
«Айналайын бүлдіршіндер! Сіздерді, ертегілер әлеміне еліктірер шаттық шадыманға толы ең ғажайып мерекелердің бірі - Жаңа жыл мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл өмірде балбөбек балғындар - Сіздердің жүздеріңізден нұр шашып, бар ықыластарыңызбен риза болғандарыңызды көруден асқан бақыт жоқ.
Бүгінгі ұйымдастырылып отырған салтанатты шара тек Сіздердің құрметтеріңізге арналады.
Бұл, жыл көлемінде тәлімді тәрбиесі мен алғырлығын көрсеткен оқушыларға аға буын өкілдерінің айтқан алғысы деп қабылдаңыздар.
Балғын балалықтың базарында бақыт шапағатына бөлене беріңіздер», - деді шаһар басшысы.
"Қар ханшайымы" ертегісінің желісінде өткізілген ертеңгілік, оқушылар сарайының өнерпаздары әзірлеген ән мен биге ұласып, Аяз ата мен Ақшақарға өнерлерін көрсетті.
Шарада балаларға арнайы дайындаған сыйлықтар (нетбук, тәттілер) табысталып, қала әкімі балаларға жаңа жылдық тортты үлестірді.
Шара соңында, барлық қатысушы бүлдіршіндер мерекелік тәтті дастарқаннан дәм татты.