ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 12 тонна пропан тасымалдап бара жатқан MAN жүк көлігі өртенді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 13 желтоқсанда Қызылорда қаласы «Қызылорда-Жезқазған» тасжолының бойында болды. Төтенше жағдайлар қызметіне жолда жүк көлігі жанып жатқандығы жөнінде хабарлама түскен.
«Оқиға орнына өрт сөндіру қызметінің жеке құрамы жедел жетіп, «Азимут» ЖШС-ға қарасты пропан тасымалдайтын 12 тонналық MAN маркалы жүк көлігінің алдыңғы бөлігі жанып жатқанын анықтады. Өрт сөндірушілердің жедел іс-қимылының арқасында 12 тонна пропанның жарылуына жол берілген жоқ. Жүк көлігі Шымкент қаласынан Ақшабұлақ кен орнына бара жатқан. Өрт толығымен жойылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі мен шығыны анықталу үстінде», деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің маманы Айгүл Нұрманова.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.