ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада полиция қызметкерлері «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында облыс бойынша 14 мал ұрлығы қылмысын ашты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Аталмыш шараны Қызылорда облысының полиция департаменті, қалалық полиция басқармасының қызметкерлері ветеринария басқармасының өкілдерімен бірлесе отырып ұйымдастырды. Шара аясында малдарды құжатсыз әкелу, мал союға және ет сатуға арналған сертификаттың жоқтығын анықтау бағытында жұмыстар жүргізілді.
«Осыған қарай, барлық сауда орталықтары және басқа да ет павильондары мен мал сою бекеттері тексерілді. Іс-шара аясында облыс бойынша 14 мал ұрлығы ашылды. Бүгінгі таңда облыс және қала аумағында барлық мал сою мен ет бөлуге арналған жерлерде бейнебақылау камералары орнатылды. Мал ұрлықтарының алдын алу үшін құжатсыз мал басын тасымалдайтын 245 көлік құралдары тексерілді. Олардың ішінде 38-і мал тасымалдаумен айналысқан», - деп мәлім етті Қызылорда облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.