Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Бектөре Сұлтан мемлекеттік органдардың өкілдері қатарынан ведомствоаралық жобалау тобымен кездесті. Аталмыш топ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің сервистік тәсілдерін кезең-кезеңімен енгізу мақсатында құрылған. Полицияның сервистік моделі бұл билік органдарына деген сенім мен қорғалу деңгейін арттыру мақсатында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін шешу бойынша полицияның, алдын алу субъектілерінің және жұртшылықтың бірлескен қызметі ретінде қарастырылған. Ол азаматтардың полициямен байланысын және полицияға қол жеткізуін барынша жеңілдетуге бағытталған.
«Полиция қызметінің басым бағыттарының бірі - халықпен жұмыс істеудің сервистік моделіне көшу және оны әрі қарай жетілдіру. Полиция қоғаммен тығыз байланыста болады, халықтың, әрбір тұрғынның пікірі ескеріліп, бірлескен түрде белсенді жұмыс атқарылады. Полиция институты сервистік модель негізінде дамып келеді. Сервистік полиция халықаралық тәжірибеде азаматтарға сапалы полиция қызметтерін көрсетуге және қауіпсіздік мәселелерін шешуге бағытталған полиция қызметіне көзқарас. Яғни, полиция азаматтардың мәселелерін шешетін және көмектесетін қызмет болмақ» деді кездесу барысында Департамент бастығы.
Сервистік полицияны дамытуда тәулік бойы жұмыс істейтін «102» мобильді қосымшасы іске қосылған. Облыс орталығында адамдар көп шоғырланатын аймақтарда 14 модульдік полиция бекеттері қойылған. Бұл полиция бекеттері тәулік бойы қызмет атқаруда. Аталған орындар барлық қажетті заманауи жабдықтармен жабдықталған.