ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 15 жастағы жасөспірім каналға суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға бүгін Арал ауданына қарасты Қаратерең елді мекені аумағында орналасқан Тасарық каналында болды. Бұл жөнінде хабарлама төтенше жағдайлар саласына сағат 17.35 шамасында түскен.
«Жасөспірім рұқсат етілмеген орында шомылған. Оның жансыз денесі туысқандарының көмегімен судан шығарылған», - деп мәлім етті облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен.
Еске салсақ, Қызылорда облысында бүгінге дейін жыл басынан бері су айдындарында 15 адам қаза болған. Олардың арасында 9-ы кәмелет жасқа толмағандар. Былтыр дәл осы кезеңде 12 адам көз жұмса, олардың 4-і бала.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.