ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында бүгін, 27 наурызда, коронавирусқа шалдыққан науқастардың басым бөлігі қарым-қатынас арқылы жұқтырғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетейік, 27 наурызда өңірде 24 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Олардың 20-сы Қызылорда қаласында тұратын болса, аудандар бойынша Қармақшыда - 1, Аралда - 3 дерек тіркелген.
«Коронавирус жұқтырған науқастардың 8-інде аурудың клиникалық белгісі байқалса, қалғанында ол симптомсыз болып отыр. Айта кетерлігі, 16 адам да коронавирус инфекциясымен ауырған науқастармен қарым-қатынаста болған. Ал 2 адамнан профилактикалық тексеру барысында, 6-ауынан эпидемиологиялық көрсеткіш бойынша ПТР тестілеу кезінде анықталды», - деп мәлім етті Қызылорда облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз қызметінен.
Естеріңізге сала кетелік, өңірде 3983 адамнан коронавирус анықталған. Оның ішінде 3885 адам дертінен айықты.
Бұдан бұрын Қызылордада карантин талабын сақтамаған 6 отбасылық той тоқтатылған болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.