Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбитбек Пазыловтың айтуынша, облысқа вакцина 31 қаңтар күні жеткізілген. Нәтижесінде «Спутник V» вакцинасының алғашқы 1000 дозасы 1-17 ақпан аралығында толығымен жергілікті тұрғындарға егілген. Олардың 939-ы медицина қызметкері болса, 61-і ерікті түрді екпе қабылдаған қала тұрғындары.
«Қазір аталған вакцинаның екінші партиясы – 3600 дозасы жеткізілді. Алғашқы және екінші мәрте екпе қабылдағандар арасында 1571 медицина маманы, 252 оқытушы, 29 полиция қызметкері мен өзге 107 азамат бар. Олардың барлығының денсаулық жағдайы дәрігерлердің бақылауында тұр. Қолайсыз немесе асқыну жағдайы әзірге тіркелген жоқ», - деді басқарма басшысы «Nur Otan» партиясы Қызылорда облыстық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының отырысында.
Өңірге барлығы 80 мың доза вакцина кезең-кезеңімен жеткізіледі. Егу жұмыстары биылғы жылдың шілде айына дейін жоспарланып отыр.
Басқарма басшының айтуынша, вакцинаны сақтау мәселесіне де назар аударылған. Препараттар минус 18°С төмен температурада сақталады. Вакцина суықтық тізбегіне сәйкес тасымалданады.