ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласындағы көп қабатты үйдің екінші қабатынан 2 жастағы сәби құлап кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқыс оқиға облыс орталығындағы «Шұғыла» мөлтек ауданында болды. Ата-ана бақылауынсыз қалған сәби екінші қабаттағы терезеден құлап кетті.
«Ол облыстық балалар ауруханасына жатқызылды. Жағдайы ауыр деп бағаланып отыр», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаменті Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің баспасөз хатшысы Әлия Ережепова.
Жыл басынан бері дәл осындай үшінші жағдай тіркеліп отыр. Былтыр 7 жағдай тіркеліп, 1 бала қаза тапқан.
Биыл мамыр айында Қызылордада екі жастағы сәби үшінші қабаттан құлап кеткен болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.