ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада Кеңлік мұнай кен орнында 20 жастағы мұнай өндіру операторы мұнай сақтайтын ыдысқа түсіп кетіп, оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпара тілшісі.
Қызылорда облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, оқиға жергілікті мұнай өндіру компаниясының өндіріс орнында болды. Ал мерт болған адам сол компанияда мұнай өндіру операторы болып жұмыс істеген.
«Сырдария ауданының полиция бөлімі аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 156-бабының 3-бөлігімен қылмыстық істі сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне тіркеді. Қазіргі таңда оқиғаның мән-жайы нақтыланып жатыр. Қылмыстық–процестік кодекстің 201-бабының талаптарына сәйкес басқа деректер жариялауға жатпайды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада өрт бірнеше тұрғын үйге залал келтіргені хабарланды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.