Қызылордада 200 қызметкер арасында футбол турнирі өткізілді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - ҚР Спорт күні мерекесіне орай спорт саласындағы мекемелер арасында шағын-футболдан турнир өтті. Оған 17 мекемеден 200-ге жуық қызметкерлер қатысып, жеңімпаздар анықталды.

Нәтижесінде «Қайсар» ФК 1-орынды иеленді. 2-орынды «Мұз айдыны» СК, 3-орынды №6 облыстық футбол жөніндегі олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінің командалары еншіледі. Сондай-ақ, орталық стадионда гимнастикалық жаттығулар да ұйымдастырылды. Бұл туралы облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.
Орталық стадионда Спорт күні мерекесімен сала мамандарын облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Жақсылық Оспанов құттықтап, облыста спорттың дамуына үлес қосып жүрген бірқатар қызметкерлерді марапаттады.
Олардың ішінде ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің алғыс хатымен «Абзал и К» толық серіктестігі директоры, спорт жанашыры Мұрат Сәрсенбаев бар. Сонымен қатар, салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы ҚБ облыстық филиалының «Еңбек ардагері» медалімен- тоғызқұмалақтан Азия және Әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған ҚР Еңбек сіңірген жаттықтырушысыЕркетай Иманбаев, «Құрмет белгісі»медалімен футбол ардагері - Сәрсен Қиятбаев марапатталды.