ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында жергілікті тұрғын ауылдасының 2 мың пресс жоңышқа мен 12 тонна жемін өртеп жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жаңақорған аудандық полиция бөліміне Түгіскен ауылының тұрғынынан арыз түсті. Онда мал қорада тұрған 2 мың пресс жоңышқа шөбі мен 12 тонна жемін белгісіз біреудің өртеп жібергені туралы айтылған. Осылайша жәбірленушіге 2, 5 млн залал келген.
«Аудандық тәртіп сақшыларымен жедел іздестіру шараларын жүргізді. Аталған оқиғаға күдікті ретінде сол ауылдың 24 жастағы тұрғыны ұсталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 202 бабының 2 бөлігімен тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Онда бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдiру жағдайы көрсетілген. Оқиғаның орын алу себебі және мән-жайы анықталуда», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сондай-ақ, Қызылордада 12 тонна пропан тасымалдап бара жатқан көлік өртенді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.