ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қазалы ауданында жиналып тұрған 2500 орам қамыс өртеніп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға Қазалы ауданының орталығы - Әйтеке би кентінде болды. Жергілікті серіктестіктің қамыс өңдейтін цехы аумағында өрт шықты. Алдымен 2000 рулон қамыс өртенсе, ол кейіннен 500 орам қамыс жиналған ғимаратты шарпыды.
«Тілсіз жауды ауыздықтауға төтенше жағдайлар департаментіне қарасты 3 техника мен 30 қызметкер тартылды. Сондай-ақ, өзге қызмет салаларының мамандары да өртті сөндіруге күш салды. Оқыс оқиғадан қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себебі анықталуда», - деп мәлім етті облыстық төтенше жағдайлар департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында қонуға бет алған ұшақ отқа оранған еді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.