ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 28 мыңға жуық адам коронавирус вакцинасын салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде коронавирусқа қарсы екпе қабылдау 1 ақпаннан басталды. Сол уақыттан бері облыс орталығында 17 712 адам вакцина салдырса, аудандарда 10 026 адам екпе қабылдады. Айта кетерлігі, 28 сәуірде облыста 3 250 тұрғынға екпе жасалды.
«Екпе алған тұрғындар дәрігерлер бақылауында, денсаулығына қатысты шағымы жоқ. Барлығы авторизациялаудың бірыңғай тетігі арқылы «Денсаулық сақтаудың бірыңғай ақпараттық жүйесіне енгізілді», - деп мәлім етті Қызылорда облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Облыс тұрғындарына «Спутник V» және QazVac вакциналары салынып жатыр.
Айта кетерлігі, бүгінге дейін өңірде 5 427 адам коронавирус жұқтырды. Олардың 4489-ы сырқатынан жазылып шықты.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.