ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласындағы саяжайлардың бірінде 3 сынып оқитын қызды зорлап, оны қорғауға ұмтылған анасын өлтіріп кеткен күдікті ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Бұл оқиға облыс орталығындағы саяжай аймағының бірінде орын алған.
«Қазір орын алған оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабы 4-бөлігімен және 99-бабының 2-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Осы қылмысты жасады деген күдікпен Қызылорда қаласының тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау абақтысына қамалды. Қалған мәліметтер Қазақстан Республикасы қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының талаптарына сәйкес, тергеу құпиялығына байланысты жария етілмейді», - деп жазылған облыстық ІІД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Облыстық балалар ауруханасының бөлім басшысы Әлімжан Төлегеновтің айтуынша, қазір қыз баланың жағдайы бірқалыпты. Ауруханаға алғаш келген сәтте жағдайы ауыр болатын. Дереу жансақтау бөліміне жатқызылған қыз балаға ота жасалған. Қазір оның денсаулығына ешқандай қауіп жоқ. Жәбірленуші психолог мамандардың бақылауында. Оның қасында Ақтөбеден келген әжесі, Астанаға табыс табуға кеткен әкесі бар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.