Қызылордада 315 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 315 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцинаның бірінші компонентін салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

2020 жылдан індет тіркелгелі бері өңірде 18 015 адам коронавирус жұқтырды. Олардың арасында 17068 адам емделіп шықты. Бұл - науқастардың 95 пайызы.

Қазір облыс бойынша инфекциялық стационарда 252 науқас адам ем қабылдауда. Ол - жалпы жүктеменің 33 пайызы. Ал реанимациялық төсек орында 30 науқас ем қабылдап жатыр, бұл жүктеме 35 пайызды құрайды.

«Облыс бойынша вакцинациялау жұмыстары биылғы жылдың 1 ақпанынан басталды. Бұған байланысты аймақта коронавирусқа қарсы иммундау науқанына 106 екпе кабинеті, оның ішінде аудандарда 91 кабинет тартылған. Мұндай орындар шалғайдағы аудан орталықтарында, ұйымдасқан ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлерде тұрғындарға қызмет көрсетеді. Бұл мақсатта арнайы оқытылған медициналық персонал жұмысқа тартылған. Қазірге дейін вакцинаның бірінші компонентімен егілгендер саны – 315 096 адам. Яғни халықтың қамтылуы - 78,6 пайыз. Ал толық компонентін алғандар - 261 031 адам (65,1 пайыз)», - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Жангелді Шайымбетов.

Ведомство мәліметінще, облыс бойынша 20 медициналық мекемеде (соның ішінде қала бойынша 11, аудан бойынша 9 медициналық мекеме) коронавирус инфекциясына қарсы егу жұмыстары жүргізілуде. Бұл орындар тұрғындарға сағат 08.00 мен 18.00 аралығында үзіліссіз қызмет көрсетеді.

Айта кетсек, бұған дейін Қызылордада 126 оқу сыныбы 14 күнге карантинге жіберілді .