ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласында сөзге келіспей қалған жігіттерге қарсы оқ атқан екі адамға сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сот материалдарына сүйенсек, ол екеуі мейрамханада бір топ жігіттермен сөзге келіспей қалады. Кейіннен олармен сөйлесуге тағы барады. Дегенмен екі жақ бір шешімге келе алмайды.
«Ашуға әбден берілген екі жігіттің бірі атыс қаруынан аспанға оқ атқан. Ал екіншісі жәбірленушілерге қарсы атқан. Соның салдарынан 4 жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келген», - деді Қызылорда облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Д.Алиев.
Сот үкімімен сотталушылардың біріне 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейтін болды.
Екіншісіне 4 жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалып, оған пробациялық бақылау белгіленді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.