Бұл оқиға биылғы жылдың мамыр айында болған. Қызылорда қаласындағы тұрғын үйдің біріне белгісіз азамат пластик терезені бұзып кірген. Содан кейін қымбат тұратын зергерлік бұйымдарды ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын 4 млн 450 мың теңгені құрады.
«Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 34 жастағы Байқоныр қаласының тұрғыны қолға түсті. Ол өз кінәсін толығымен мойындады. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 188-бабының 3-бөлігінің 1-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, қылмыстық іс айыптау актісімен сотқа жолданды. Онда iрi мөлшерде жасалған ұрлық жағдайы көрсетілен», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қызылорда қаласының №2 соты айыпталушыға 4 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот оған жәбірленушіге келтірілген шығынды заңмен белгіленген тәртіппен өтеуді міндеттеді.
Бұдан бұрын Қызылордада полицейді ұрған қызылордалық 3 жылға сотталды.