ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында дәрігерлер 4 жасар қыздың асқазанынан салмағы бір келі шаш алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының хирургтары асқазан трихобезоары диагнозымен 4 жасар қызға ота жасаған болатын. Дәрігерлер баланың асқазанынан салмағы 1 келі шашты алып тастады. Шаштың ұзындығы 34 сантиметр болады.
Облыстық көпбейінді балалар ауруханасының шұғыл хирургия бөлімінің меңгерушісі Әлімжан Төлегенов бұған дейін сәбидің тәбеті болмай, ауруханаға ауыр жағдайда түскенін айтты.
«Тексеру және диагноз қою кезінде науқастың жағдайы орташа ауыр деп бағаланды. Сәбиге асқазан трихобезоары диагнозы қойылды. Дереу ота жасау туралы шешім қабылданды», - деді ол.
Операцияны хирург Әлімжан Төлегенов, анестезиолог Көркем Баекей, ассистент Самат Шуақбаев, медбике Ақмарал Бекташова жасап шықты.
Еске салсақ, Қызылорда облысында 18 науқас жансақтау бөлімінде жатыр.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.