Қызылордада 40 жастан асқан үш әйел коронавирус жұқтырған

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада соңғы тіркелген 3 науқас та Қызылорда қаласында тұрады. Олардың барлығы - 40 жастан асқан әйел адамдар, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің хабарлауынша, науқастардан коронавирус инфекциясы қауіптілік топтарын скринингтік тексеру барысында анықталған.

«Қазіргі таңда науқастар жұқпалы аурулар ауруханасына оқшауландырылып, хаттамаға сәйкес тиісті ем қабылдап жатыр. Ауру ошақтарында індетке қарсы іс-шаралар атқарылып, аурудың жұғу жолы мен қарым-қатынаста болғандар анықталуда», - деп мәлім етті ведомстводан.

30 сәуірдегі елорда уақытымен 23.00 жағдай бойынша Қызылорда облысында коронавирус инфекциясын жұқтырған 201 адам тіркелген. Оның ішінде емделіп шыққандар саны - 118.