Қызылордада 423 мыңнан астам адам вакцина салдырды
14:35, 14 Ақпан 2022
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 423 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Бұл - екпе қабылдауға қабілетті тұрғындардың 93,5 пайызы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде санитарлық эпидемиологиялық ахуал тұрақтанып келеді. Осыған байланысты облыс «жасыл» аймаққа өтті.
Өткен тәулікте 12 адам қатерлі инфекция жұқтырды. Аймақта коронавирусқа қарсы иммундау науқанына 106 екпе кабинеті, оның ішінде аудандарда 91 кабинет дайындалған.
Сондай-ақ, шалғай ауылдарда, ұйымдасқан ұжымдарда, адамдар көп жиналатын арнайы орындарда (ірі сауда ойын-сауық орталықтары, базарлар және басқалары) вакцинациялау жүргізіледі.
Қазір облыста вакцинацияның бірінші компонентімен егілгендер саны - 423 316 адам, ол екпе қабылдауға қабілетті тұрғындардың 93,5 пайызы. Екінші компонентпен қамтылғандар саны - 412 410 адам.
Еске салсақ, Қызылорда облысында 40 мыңға жуық оқушы Pfizer вакцинасын салдырды.