ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласына қарасты «Сабалақ» саяжайын маңындағы каналда 1 шілдеде 55 жастағы азамат суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ол рұқсат етілмеген аумақта суға түскен. Салдарынан тілсіз жаудың құрбаны болды. Оның денесін іздеуге «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің мамандары тартылды. Марқұмның жансыз денесі бір сағаттай уақыттан кейін жағаға шығарылды.
«Жыл басынан бері Қызылорда облысында суға кетуге байланысты 16 жағдай тіркелді. Олардың ішінде 5-і мектеп оқушысы. Сондықтан жергілікті тұрғындардан суға түсу қауіпсіздігін қатаң сақтауын сұраймыз. Сондай-ақ, ата-аналарға балаларды су айдындарына қараусыз жібермеуін өтінеміз». - дейді «Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел құтқару жасағы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Бақыт Ембергенов.
Бұған дейін Қызылордада 14 жастағы жасөспірім суға батып кеткені хабарланған болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.