Қызылордада 722 адам коронавирусқа қарсы Pfizer вакцинасын салдырды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында 722 адам коронавирусқа қарсы «Pfizer» вакцинасын салдырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оның ішінде 122 жүкті, 80 лактация кезеңіндегі әйел бар. Ал өңірде ата-анасының рұқсатымен 12-17 жас аралығындағы 520 жасөспірім екпе қабылдады.

Бүгінгі күндері облысқа «Pfizer» вакцинасының 23400 дозасы жеткізілген. Мамандардың айтуынша, ол 12-18 жастағы жасөспірімдерге, 16-37 апта аралығындағы жүкті әйелдер мен босанғанына 42 күн болған бала емізетін әйелдерге арналған.

Бұл мақсатта ата-анасының рұқсаты алынған. Айта кетерлігі, екпе ата-анасының рұқсаты бойынша жасөспірімнің өз қалауымен жүргізілуде.

Аталған вакцина тырысқақ, туберкулез сияқты індеттерді жеңуге көмектеседі. Вакцина құрамында иммундық қорғаныш тудыратын вирус жоқ. Ол инфекция тудыруы мүмкін емес.

«Вакцинация жүргізу алдында КВИ-дің және коронавирусқа антиденелердің болуына тексеру жүргізілмейді. Қатерлі індетпен ауырып жазылған адамдар сауыққаннан кейін вакцинациялау алдындағы жай-күйін бағалау ескеріледі. Олардың сауыққаннан кейін 3 айдан соң вакцинациялануға мүмкіндігі бар», - деді облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті Аса қауіпті инфекциялық ауруларды бақылау бөлімінің басшысы Жанар Жетілгенова.