ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Қармақшы ауданында сегіз жасар ұл бала суға батып кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 20 маусымда сағат 16.30 шамасында болған.
Ауданның теміржол көпіріне жақын бөлігіндегі Қараөзек каналындағы суға түсуге рұқсат етілмеген аумағында 2013 жылы дүниеге келген ұл бала суға батып кетті.
Баланың қасында кәмелет жасына толмаған тағы 6 жасөспірім болған. Олар ересек адамдардың бақылауынсыз қалған.
«Қазір суға батып кеткен баланың денесін іздестіру жұмыстары жүргізілуде. Оған облыстық төтенше жағдайлар департаментінен 6 құтқарушы, 1 техника қатысуда», - деп мәлім етті облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын 47 жастағы азаматтың денесі Сырдариядан табылған болатын.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.