Қызылордада 800 шаршы метр аумақта ескі шиналар жанып жатыр
14:56, 13 Маусым 2023
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат – Қызылорда қаласында жеке компания аумағында ескі дөңгелектер жанып жатыр. Өрт аумағы шашамен 800 шаршы метрді құрайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«13 маусым күні сағат 11.12-де Қаратоғай көшесі, 43 мекенжайндағы ескі шиналарды кәдеге жарататын «Smart rubber» ЖШС аумағында өрт болды. 800 шаршы метр аумақта автокөлік дөңгелектерінің ескі шиналары тұтанды. Жалынның таралуына жол берілген жоқ. Қаза болғандар мен зардап шеккендер жоқ.
Оқиға орнында облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен 45 адам 9 техникамен жұмыс атқаруда. Сондай-ақ, Апаттар медицинасы орталығы филиалынан 4 адам 1 техникамен келді», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен.