ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында коронавирус инфекциясы диагнозы қойылған алғашқы науқас тіркелген күннен бастап оны жұқтырған 9 медицина қызметкері тіркелген, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл жөнінде Қызылорда облысының Бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Әлия Әбдіқайымова мәлім етті.
«Олардың 8-і орта буын, 1-уі кіші буын қызметкері. Анықталған 3 қызметкер кәсіби тұрғыда жұқтырса, қалғаны науқастармен қарым-қатынаста болған. Сондай-ақ, кейбір медицина қызметкерлері қорғаныш талаптарын сақтамаған»,-деді Ә. Әбдіқайымова.
Бас санитарлық дәрігер өңірде 11 компания вахталық әдіспен жұмыс істейтінін айтты. Оның ішінде екі компанияның қызметкері алдағы екі тәулікте ауысым жұмыстарын жүргізеді. Ал, вахтадан келген азаматтар үй карантиніне алынады.
Бүгінгі таңда Қызылорда облысында коронавирус инфекциясы қойылған 127 адам бар.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.