ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында жыл бойы жұмыс жасайтын «Кемеңгерліктің биік шыңы – Абай» атты кітап көрмесі ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Кітап көрмесі «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін», «Әлем классиктері – Абай аудармаларында», «Абайдың философиялық дүниетанымы», «Үңілсең көзің жете ме, теңізден терең сыры бар...» атты бөлімдерден тұрады.
Көрмеге ақынның шығармаларымен қатар, белгілі абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлының «Абайтану» кітабының 2 томдығы, «Даңқты адамдар» сериясынан «Абай», М.Әуездің «Ділім», Б.Ердембековтің «Абайтану», «Абай - Пушкин» шығармалары қойылды. Сондай-ақ, Заки Ахметовтің «Абай и Лермонтов», «Жизнь замечательных людей» сериясынан Н.Анастасьевтің «Абай», Д.Досжановтың «Абайдың рухы», Р.Сыздықованың «Абай шығармаларының тілі» кітабының 3 томдығы және өзге де дүниелер көпшілік назарына ұсынылды.
Бұдан бұрын Қызылордада «Абай» спектаклі сахналанғанын жазған едік.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.