Қызылордада Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына арналған деректі фильм көрсетілді

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат- Кеше Қызылорда қаласындағы «Жібек жолы» ойын-сауық орталығының кино залында заманымыздың заңғар жазушысы, мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығына арналған «Самғау» деректі фильмі көрсетілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат облыстық мәдениет басқармасына сілтеме жасап.

Сценарий авторы, кинорежиссер Жаңабек Жетіруов бұл идеяның 2009 жылы - жазушының жетпіс жылдығында келгенін айтады.

Көрсетілім Қазақстанның халық жазушысын еске алу шаралары аясында ұйымдастырылды. Көрермен қатарында болған облыстық мәслихат хатшысы Наурыз Байқадамов: «Әбіш Кекілбаев - абыздардың жалғасы. Осындай тұлғаны көрсету - сіздің жүректілігіңіз. «Нартәуекел» деп кіріскен еңбегіңіздің нәтижесі», - дей келе, режиссерға алғыс білдірді.

Жаңабек Жетіруов алдағы уақытта жазушының Еңсеп деген құдықшы туралы «Шыңырау» повесінің желісімен де кино түсірмек.