Оқиға Қызылорда облысы Жаңақорған кентіндегі орталық көшелердің бірінде болды. Белгісіз автокөлік жаяу жүргіншіні қағып, оқиға орнынан бой тасалап кеткен. Жол-көлік оқиғасынан бір адам көз жұмды.
Бұл дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы және 347-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп – тексеру әрекеттері жүргізілуде. Онда көлiк құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы, жол-көлiк оқиғасы болған жерден кетіп қалу жағдайлары көрсетілген.
«Полиция қызметкерлерімен жүргізілген жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде жол-көлік оқиғасын жасаған күдікті ретінде полиция қызметкері анықталды. Ол уақытша ұстау изоляторына қамалып, тергеу әрекеттері жалғасуда. Кінәлі полиция қызметкері құқық қорғау органдарынан шығарылды. Сондай-ақ, аудандық полиция бөлімінің басшылығына қатысты қызметтік тексеру жүргізілді. Тәртіптік кеңес шешімімен бірқатар басшылар тәртіптік жауапкершілікке тартылды», - деп мәлім етті Қызылорда облыстыұ полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада адам өлтіруге оқталған күдікті қолға түсті.