Қызылордада аққуды заңсыз аулау дерегі тексеріліп жатыр

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында аққуды заңсыз аулау дерегі бойынша таралған видеоға қатысты анықтау жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлеуметтік желіде аққуды табиғи ортадан заңсыз алу әрекеті туралы бейнежазба жарияланған.

Бұл жөнінде Қызылорда облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы түсініктіме берді.

«Әлеуметтік желіде белгісіз адамның аққу құсын табиғи ортадан заңсыз алып қою әрекеті туралы бейнежазба жарияланды. Онда ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабына сәйкес заңсыз аң аулау әрекеті бар. Осыған байланысты құқық бұзушыны және оның заңсыз іс әрекетін анықтап, заң аясында тиісті шешім қабылдау үшін Қызылорда облыстық полиция департаментіне инспекция тарапынан 22 желтоқсанда хат жолданды. Осы мәселеге байланысты тиісті шешім қабылданады», - деп жазылған инспекция таратқан хабарламада.

Ал аталған бейнежазбаға қатысты әзірге бұл іс облыстық полиция департаментінде тіркелмегенін атап өтті. Оған қатысты тексеру жұмыстары жалғасуда.

Еске салсақ бұдан бұрын Жезқазған-Қызылорда тасжолында тоқтатылған көліктен атылған киік табылды.