- Біз дәстүрлі дінімізді ұлықтау арқылы Тәуелсіздік құндылықтары мен патриотизмді нығайтамыз және елдегі тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтап, жастар бойында отансүйгіштік сананы күшейтеміз. Әлемдегі 1,5 миллиардтан астам мұсылман қастерлейтін ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың дүниеге келген мәуліт айы мүбарак болсын, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Айта кетейік, мәуліт мерекесі қарсаңында облыстың бас мешіті демеушілік есебінен күрделі жөндеуден өтті. Ғимараттың күмбезі әрленіп, ислам қағидаттары бойынша аяттар жазылды. Қазіргі заманға сай жылыту қазандықтары, бейнебақылау, өртке қарсы дабыл құрылғылар орнатылды. Намаз бөлмелерінің еденіне жылу жүйелері жүргізіліп, кілемдері ауыстырылды. Мешіт асханасы ғимараты наурыз айында аяқталатын болады.
Аймақ басшысы өз кезегінде жылға жуық мерзімге жоспарланатын осынау ауқымды жұмыстарды аз уақытта еңсерген ел азаматтары мен мердігер компания өкілдеріне қызылордалық жамағаттың атынан ризашылығын білдірді.
Жалпы, облыстағы 157 мешітте бір ай бойы мәуліт мерекесіне орай түрлі шаралар ұйымдастырылатын болады.