Қызылордада алғаш рет ет өндіретін құс фермасы ашылды

None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Сыр өңірінде құс шаруашылығын дамытуға айрықша назар аударыла бастады. Қызылорда қаласында өңірде алғаш рет ет өндіретін қаз бен үйрек фермасы ашылды. Бұл туралы облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі хабарлады.

Мұнда үй құстарының «Линда», «Агидель» және «Пекин» деген түрлері өсіріледі. Жалпы құны 60 миллион теңге болатын жоба аясында енді ағымдағы жылдың аяғына дейін 10 мың жұмыртқадан балапан шығару жоспары да бар.
«Жан Арай» шаруа қожалығына осыдан бір ай бұрын 3 мың дана жұмыртқа әкелініп, қазір одан 2600-дей балапан шығарылды. Оның 660-ға жуығы - қаздың балапаны, қалғаны - үйректер. Жұмыртқадан шыққанына 20 күннен енді асқан балапандарға дәрумен беріліп, арнайы жемделу үстінде.