Қызылордада әлімжеттік көрсеткен полицейлер үш жылға сотталды

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада адамды ұрып-соғып, ақшасын тартып алған қос тәртіп сақшысы шартты жазаға кесілді. Бұл туралы облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен хабарлады.

Қалалық ІІБ-ның патрульдік полиция батальонының полицейлері түн ішінде көшеде кетіп бара жатқан кісіні тоқтатып, «арақ ішкенсің» деп, айыптап, ұрып-соққан. Содан кейін күштеп көліктеріне мінгізіп, 46 мың теңгесін тартып алған.

«Қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланған олар Қылмыстық Кодекстің 308-бабының 4-бөлігінің «а», «в» тармақтары бойынша үш жылға сотталды», - делінген хабарламада.

Былтырғы жылы облыста 5 патрульдік полицей мен 4 жедел уәкіл қылмыстық жауапкершілікке тартылған болатын.