Қызылордада «Ананың жүрегі - әлемнің тірегі» тақырыбымен облыстық форум өтті (ФОТО)

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласының Достық үйінде 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күніне орай Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлының қатысуымен «Ананың жүрегі - әлемнің тірегі» атты облыстық әйелдер форумы өтті. Бұл туралы қоғамдық орталығының баспасөз қызметі хабарлады.

Облыстық әйелдер кеңесі, «Сыр аналары» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен форумға Қызылорда облыстық ассамблея хатшылығының басшысы Ляйля Төрешова, әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия хатшысы Бибігүл Үмбетова, «Қоғамдық келісім» орталығы директорының орынбасары Рахима Ахметова, облыстағы өнегелі, мерейлі отбасылардың аналары, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері, әр салада жетістікке жеткен қыз-келіншектер, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйым мүшелері, этно-мәдени бірлестік өкілдері қатысты.

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы: «Ана - тіршіліктің гүлі, отбасының берекесі, бүкіл адамзаттың тәрбиешісі. Қаламы жүйрік жазушы да, данышпан ғалым да, ел бастаған көсем де, сөз бастаған шешен де ана көкірегінен нәр алып өскен. Ана - барлық өмірдің бастауы. Ол өз сәбиін мәпелеп өсіреді, жақсы болуын қалайды. Адам бойындағы барлық асыл қасиеттер күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен дариды. Ана - ұлы адам, қасиетті жан», - деп бүгінгі мерекелік басқосуға қатысып отырған аналарға жылы лебізімен құттықтап, бірқатар аналарды және көп балалы отбасыларына қамқорлық жасаған кәсіпкер қыз-келіншектерді марапаттады.

Одан әрі облыстық әйелдер кеңесі, «Сыр аналары» қоғамдық қорының төрайымы Нұрсәуле Мұсаеваның «Отбасы - адамгершілік бастауының қайнар көзі» тақырыбында баяндама жасаса, Батыр ана Ханымкүл Оспанова, 10 бала тәрбиелеп, ұл-қыздары мен немере-шөберелерінің қызығына бөленіп отырған ақ жаулықты абзал ана Оқасова Маржанкүл Оқасқызы өздерінің жүрекжарды тілектерін айтып, аналық ақ батасын берсе, Шиелі ауданының «Ақтоған» а\о әйелдер кеңесінің төрайымы Баян Нәлібаева «Аналарға арнау» өлеңін оқып, Салтанат Рашитқызы «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын» балабақшаларда жүзеге асырудың жаңа жобаларын» ұсынды.

Бұл бас қосудың маңызы мен мәні зор екендіктерін айтып, ыстық ықыластары мен лебіздерін білдіре отырып, кештің соңын ҚР Еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, жырау, ұстаз Шолпан Бейімбетова «Мерекелік арнауымен» қорытындылады.