Қызылордада аптап ыстық жалғасады

ҚЫЗЫЛОРДА.ҚазАқпарат- «Қазгидромет» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қызылорда гидрометеорология орталығының хабарлауынша, 5-7 шілде күндері күндіз Қызылорда облысында сынап бағанасы 41-46 градусқа дейін көтеріледі. Бұл туралы «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі хабарлады.

Осыған байланысты Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағының құтқарушылары облыс тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік шараларына назар аудару қажеттігін ескертеді.

Мұндай күндері тұрғындардың көпшілігі дария жағасында шомылады. Суға түсушілер қатары күрт көбейетін аптапты мерзім құтқарушылар үшін де қарбаласқа толы болады.

Оңтүстік өңірлік аэроұтқыр жедел-құтқару жасағының басшысы Бақыт Ембергенов БАҚ-қа берген сұхбатында жыл басынан бері су айдындарында 10 адам көз жұмғанын, оның үшеуі кәмелетке толмағандар екенін атап өтті.  Құтқарушылар барлық аймақты қадағалай алмайды. Қауіпсіздікті сақтау жөнінде ең алдымен, суға түсушінің өзі ойлануы керек.