ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Арал аудандық сотында аса ірі мөлшердегі есірткі затын тасымалдаған азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Полиция қызметкерлері «Алматы-Маңғышлақ» бағытына қатынайтын жолаушылар пойызында қызметтік иттің көмегімен жедел іздестіру іс шараларын жүргізген. Аталмыш шара барысында А. есімді жолаушының жол сөмкесінен аса ірі мөлшердегі есірткі заты салынған орамалар табылған. Оның жалпы салмағы 16008 грамды құрады. Есірткі заты аса ірі мөлшердегі кептірілген марихуана екені анықталды.
«Арал аудандық сотында Қазақстан Республикасының Қылыстық кодексінің 296-бабының 4-бөлігімен азамат А.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сотталушының қылмыстық әрекеті сотта өзінің айыбын мойындап берген жауабымен қатар іс құжаттарымен толық дәлелденген. Сот үкімімен оған 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды», - деп жазылған Арал аудандық сотының хабарламасында.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.