ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада аса ірі мөлшерде ұрлық жасаған азаматшаға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Аталмыш оқиға 2018 жылдың тамыз айында болды. Қызылорда қаласы тұрғынының сөмкесінен 13,5 мың АҚШ доллары мен 4 млн 906 мың теңге жоғалған. Тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларын жүргізді. Күдікті ретінде Қызылорда қаласының 30 жастағы тұрғыны қолға түсті. Ол өзінің кінәсін мойындады», деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сұғанақтық жасаған азаматшаның үстінен ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабының 4-бөлігінің 3-тармағымен (аса ірі мөлшердегі ұрлық) қылмыстық іс қозғалды. Қызылорда қалалық сотының үкімімен айыпталушыға 6 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Сонымен қатар, сот жәбірленушіге келтірілген шығынды заңмен белгіленген тәртіппен өтеуді міндеттеді.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.