Қызылордада асыл тұқымды мал ұрлағандар құрықталды

АСТАНА. Қарашаның 9-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Қарашаның 3-і күні белгісіз біреулер Қызылорда облысындағы ауылдардың біріндегі үйге басып кіріп,

 аспанға қарата оқ атып, үй иесінің 10 мың АҚШ доллары тұратын асыл тұқымды жылқысын тартып алған. Бұл туралы бүгін журналистермен болған брифингте Ішкі істер министрлігінің Тіл саясаты және ақпарат департаментінің бастығы Қуанышбек Жұманов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 Оның  айтуынша, осы іс бойынша жүргізілген жедел-іздестіру шараларының барысында облыс орталығының 4 тұрғыны ұсталған. Олардың кішісі 15 жаста болса, үлкені - 27 жаста. Аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, жылқы иесіне қайтарылған.

 Департамент бастығының мәліметтері бойынша, республикада қарашаның 1-і мен 8-і аралығында 2 мың 85 қылмыс жасалып, оның

1 мың 608-нің ізі суымай ашылған. Сондай-ақ бұрын жасалған 403 қылмыс әшкереленді. Қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген 70 күдікті қолға түсті. «Апта ішінде елде есірткімен байланысты 125 қылмыс тіркелді. Оның 41-і - есірткіні саудалау. Заңсыз айналымнан 30 келі есірткі алынса, оның 250 грамы - героин», деді Қ.Жұманов.

 Сондай-ақ оның деректеріне қарағанда, өткен аптада республикада ұйымдасқан қылмыстық әрекеттер бойынша 5 қылмыстық іс қозғалып, ұйымдасқан топтың 2 мүшесі қолға түскен. Ал Солтүстік Қазақстан облысында көптеген ұрлық жасаған «Невер» деген лақап аты бар ұйымдасқан қылмыстық топтың белсенді мүшесі ұсталды. «Алматы қаласында «Алматы-Бішкек» жолының бойында «Жібек»  мейманханасында жезөкшелікпен айналысатын орын ұйымдастырғаны үшін 18 бен 38 жас аралығындағы 4 азамат құрықталды. Сондай-ақ Ақтөбеде жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің бірінен жалған құжаттар арқылы 2 жыл ішінде 5 миллионға жуық теңге ұрлаған 55 жасар азамат ұсталды», деді департамент бастығы.