ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада өзінің ауласында 105 түп сора еккен 62 жастағы қала тұрғыны қолға түсті, деп хабарлайды қазАқпарат тілшісі.
Қызылордалық полицейлер қала аумағында «Қарасора-2021» жедел-профилактикалық іс-шарасын рейд жүргізген болатын. Нәтижесінде үйінің ауласында есірткі тектес сора өсімдігін өсірген 62 жастағы қала тұрғыны ұсталып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Ол кісінің ауласынан 105 түп сора өсімдігі табылып, айғақ зат ретінде тәркіледі. Сараптама тағайындалды. Қорытындыға сәйкес, ол сора есірткісі болып шықты. Аталған жәйт сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Бұл бойынша ҚР Қылмыстық Кодексінің 300-бабы 2-бөлігімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі таңда осы іс бойынша тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінен.
Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада ауласында 1 мыңнан түптен астам сора өсірген тұрғын ұсталды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.