ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Шиелі аудандық прокуратурасы аудандық амбулаториялық ауруханасында бірқатар заңсыздықтар орын алғанын анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл келеңсіз жағдай емдеу орнын тексеру барысында белгілі болған. 2016-2018 жылдар аралығында мұғалімдер аталмыш ауруханада бірқатар дәрігерлерден ақы төлеу арқылы тексеруден өткен екен. Атап айтқанда, ұстаздар терапевт, дерматовенеролог, гинеколог секілді медицина мамандарына ақылы түрде қаралған.
Облыстық прокуратураның баспасөз хатшысы Ботагөз Сейілдің айтуынша, заңдылық бойынша ол қызметтер тегін жүргізілуі тиіс. Прокурорлық қадағалау нәтижесінде ұстаздарға 2,7 млн теңге көлеміндегі ақша қайтарылды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.