ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Жаңаталап ауылдық округінің әкімдігінің ғимараты отқа оранды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Ауылдық округ әкімдігі бір қабатты ғимаратта орын тепкен. Келеңсіз жағдай таңғы уақытта болған. Өрт сөндірушілер оқиға орнына дереу жетті. Сағат 08-24-те жалын толығымен сөндірілді.
«Өрт ғимараттың жылу беретін бөлмесінің шатырында болған. Ол жалпы аумағы 84 шаршы метрді шарпыды. Оқиға салдарынан қаза болғандар және жарақат алғандар жоқ», - деді облыстық төтенше жағдайлар департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат тобының бас маманы Айгүл Нұрманова.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.