ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында ауыл әкімі сайлауына қатысуға 151 кандидат үміткер ретінде ұсынылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Өңірде 40 ауылдық округі бойынша 151 кандидат бағын сынайды. Олардың ішінде 53-і адам (/35,1 пайыз) саяси партия атынан сайлауға түссе, 98 адам (64,9 пайыз) өзін-өзі ұсынғандар.
Саяси партиялар 38 округі бойынша өз кандидаттарын тіркеді. Атап айтқанда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясынан -7, «Ақжол» Қазақстан демократиялық партиясынан - 5, «NurOtan» партиясынан - 32, «Adal» саяси партиясынан - 4, Қазақстан халық партиясынан – 5 адам ауыл әкімі сайлауында ел сеніміне ие болуға күш салады.
Орташа бәсекелестік 3,8 адамды құрады. Ал Жаңақорған ауданы Кейден және Шиелі ауданы Майлытоғай ауылдық округтерінде 1 мандатқа 6 адамнан үміткер болып отыр. Ал 6 сайлау округінде 1 мандатқа 5, 12-де 4, 20-да 3 кандидаттан ұсынылған.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.