ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысы Сырдария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауылында жергілікті тұрғын карантин шектеуіне қарамастан баласының үйлену тойын жасаған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Облыста карантин талабын сақтауды қадағалау мақсатында мониторинг топтары құрылған. Топ мүшелері және полиция қызметкерлері сол бағытта нақты жұмыстар атқарып келеді.
«Аталған дерек бойынша құжаттар жинақталды. Сырдария аудандық полиция бөлімі тиісті шара көру үшін оны аудандық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолдады», - деп мәлім етті Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Мониторингтік мобильді топ және полиция қызметкерлері бүгінгі күнге дейін облыста 798 карантин талабын бұзу дерегін анықтады.
Атап айтқанда кафе, мейрамханаларда 462 той жасаудың дерегі анықталса, компьютерлік клубтар, букмекерлік кеңселерде талап сақталмауының 62 дерегі анықталды.
Сондай-ақ, санитарлық дәрігердің қаулысында көрсетілген басқа 174 құқық бұзушылық белгілі болды.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.