Қызылордада ауыз су құбырларының 30 пайызы әбден тозығы жеткен

Фото: None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда қаласындағы ауыз құбырларының 30 пайызға жуығы әбден тозығы жеткен. Аталмыш құбырлардың пайдалануға берілгеніне жарты ғасыр болған. Құрылыс нормалары мен ережелерінің талаптарына сәйкес темір құбырдың жер астында жату мерзімі 22 жылға ғана жарауы тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының орынбасары Ерлан Жоламановтың айтуынша, қазіргі таңда қалада ескі құбырдың 20-дан астам жерінде жарық пайда болған. 1968 жылы пайдалануға берілген аумақтардағы құбырлар жоғары қысымды көтере алмайды.

«Бүгінгі күнге дейін қалаішілік су құбырының 60 пайыздан астамы толық жаңартылған. Сондай-ақ, Қызылжарма жер асты су кені арқылы 98 су ұңғымалары іске қосылған. Осылайша бұл аймақтар жер асты суына көшірілген. Биыл тағы да 10 пайызға жуығы жаңартылып жатыр. Алдағы уақытта қалған 30 пайызы жаңартуды қажет етеді. Бүгінгі таңда ауыз жүйесінің толық қарқынмен жұмыс жасауына тозығы жеткен құбырлар біршама кедергі келтіреді», - деді Е.Жоламанов.

Соңғы жылдары бұл бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынып келеді. Мамандар жылдар бойына қордаланған проблемаларды бір сәтте шешіп тастау мүмкін еместігін айтады.

Естеріңізге сала кетелік, Қызылорда қаласындағы Арай-2 және Сырдария мөлтек аудандарында 15-16 қараша күндері ауыз су уақытша тоқтатылды. Ол облыс орталығындағы Жібек жолы және Мүсірәлі Әжіқожа көшелері қиылысында орналасқан ескі ауыз су жүйесіндегі ақау салдарынан орын алған.

«Бұл жағдай аяқ асты орын алған апатты жедел қалпына келтіру мақсатында амалсыздан туындады. Аталмыш ақау қаланың басқа аудандарына ешбір әсерін тигізген жоқ. Ол аумақтарда ауыз су қалыпты деңгейде жеткізілді. Аталмыш апатты жедел шешу мақсатында коммуналдық қызметтен 30 адам мен 20 техника тәулік бойы күшейтілген режімде жұмыс істеді. Негізі, сол аумақта биыл жаңа су құбырлары жүргізілген. Оны таяу күндері іске қосу жоспарланған. Бүгінде мамандар сол жұмыстарды мерзімінен бұрын бастап ақау болған ескі құбыр жүйесін жаңасына қосуға жұмыс жасауда», - деді «Қызылорда су жүйесі» МКК директоры Тілеуберген Қаныбетов.

Соңғы жаңалықтар