Қызылордада әйгілі «Шахнамаға» арналған көрме ашылды

ҚЫЗЫЛОРДА.  ҚазАқпарат - Қызылордадағы көркемсурет галереясында «Фирдоусидің Шахнамасы Тұрмағамбет Ізтілеуұлының туған жерінде» атауымен көрме өтті. Бұл шараны Қызылорда облысы әкімдігі мен Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігі бірлесе ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Көрменің ашылу салтанатына Иран Ислам Республикасының Қазақстандағы елшілігінің кеңесшісі Масуд шейх Зейнедин арнайы келді. Ол өз сөзінде мұндай шаралардың екі елдің өзара тарихи-мәдени байланысының ілгерілеуіне септігін тигізетініне тоқталып өтті.

«Фирдоуси мың жыл бұрын жазған әйгілі шығармасымен парсы тілі мен ирандық халықтың даналығын дәріптеді. Оны ұрпаққа мәңгілікке қалдырды. Сол құнды дүниені қазақ халқына жеткізуде Тұрмағамбет Ізтілеуұлының еңбегі зор. Сондықтан олардың соңында қалдырған мұралары барлығымызға ортақ дүние деп санауға толық негіз бар»,- деді Масуд шейх Зейнедин.

 

Көрмеде «Шахнама» шығармасының қазақша нұсқасы, шығарма мазмұнын сипаттайтын 30-ға жуық картина мен Иранның декоративті-қолданбалы қолөнер туындылары қойылған. Көрме жұмысы маусымның 6-на дейін жалғасады деп жоспарланып отыр.

«Шығыстың атағы жер жүзіне мәлім жеті ақынының бірі ретінде бағаланатын Фирдоуси жырлаған «Шахнама» дастаны - түркі халықтарының тарихын зерттеуде сүбелі еңбектің бірі. Бұл дастанды Тұрмағамбет Ізтілеуұлы қазақ тілінде көркем тілмен шебер жеткізе білді. Оған осындай ұсыныс жасаған мемлекет және қоғам қайраткері Темірбек Жүргенов те Сыр өңірінің перзенті екені бүгінгі буынға зор мақтаныш»,- деді облысы әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов.
  

Әділжан Үмбет