ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордада құтқарушылар әжетханадан өмірге келгеніне көп бола қоймаған шақалақтың өлі денесін алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оқиға 1 желтоқсанда облыс орталығындағы «Ақмаржан» шағын ауданында болды. Шақалақты 1997 жылғы азаматша дүниеге алып келгені анықталды.
«Бұл жөнінде полиция бөлімінен төтенше жағдайлар департаментіне хабар келіп түсті. Оқиға орнына департаменттің жедел құтқару жасағынан 1 техника мен 6 құтқарушы барды. Құтқарушылар шақалақтың өлі денесін шығарып, оны полицейлерге тапсырды», - деді Қызылорда облыстық төтенше жағдайлар департаменті бастығының міндетін атқарушы Руслан Қайрақбаев.
Мәлім болғанындай, қазір әйел облыстық медицина орталығына жатқызылған. Оқиғаның мән-жайы анықталуда.
Облыстық полиция департаменті тергеу басқармасының бастығы Әбдібек Жаназаровтың айтуынша, аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 100-бабымен қылмыстық іс қозғалды. Онда жаңа туған баланы анасының өлтiруi көрсетілген.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.