Қызылордада азық-түлік бағасының шекті межесі бекітіледі

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорда облысында биыл әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті мәні бекітіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биылдан бастап өңірде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының шекті межесі бекітіледі.

Бұл мақсатта облыс әкімдігінің қаулысы әзірленіп жатыр. Оған маңызы бар азық-түліктің 19 түрі енгізіледі.

Жалпы аймақтағы сауда орындарында азық-түлік тауарларының қоры жеткілікті, өнімдердің тапшылығы байқалмайды.

Облыста бағаны тұрақтандыру мақсатында өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс жасайды.

Ол үшін облыстық бюджеттен қажетті қаржы бөлінген. Қазіргі таңда тұрақтандыру қорында 1396,9 тонна өнім бар.

«Сондай-ақ, бағаның негізсіз өсуіне жол бермеудің тағы бір тиімді шаралары ретінде «айналым» схемасы бойынша кәсіпкерлерге заем беру тәсілі кеңінен пайдаланылуда. Бүгінгі күні «айналым схемасы» бойынша 973 млн. теңге заем 19 кәсіпкерлік субъектісіне берілді. Заем алған кәсіпкерлер 19 түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерін қалада орналасқан 36 әлеуметтік дүкенде және қосымша 14 ірі супермаркетте келісім негізінде ашылған әлеуметтік бұрыштарда нарықтан төмен бағада жеткізіп, сатуда», - деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Талғат Дүйсебаев.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада «Алғашқы жұмыс орны» жобасы жүзеге асуда.