Жалпы, бүгінгі күнге еліміздегі ең маңызды науқан сайлауды бақылап, есеп беру үшін облысымызға 15 шетелдік байқаушы келген. Олардың 10-ы аудандарда жүр. 5 байқаушы облыс орталығындағы сайлау округтерінің тәртібін бақылауда.
Виталий Пономарев - ТМД байқаушылар миссиясының өкілі. Оның бұл істе тәжірибесі мол. Ол облысымыздағы саяси сайыстың өту барысына қанағаттанарлық баға беріп отыр.
Халықаралық байқаушының айтуынша, сайлау өте жоғары деңгейде өтіп жатыр. Бұл уақытқа дейін ешқандай заңбұзышылықтар тіркелген жоқ.
Виталий Пономарев: «Мен сайлау басталардан бұрын үш күн бұрын осында келдім. Алдымен Байқоңыр қаласында болып, ондағы 11 сайлау округінің жұмыстарымен таныстым. Сайлау алдындағы дайындық өте жоғары екен. Сайлаушылардың дауыс беру кабиналарына кіріп шығуына ешқандай кедергілер жоқ. Бүгін сайлау басталғаннан бері де бірнеше сайлау округтерінде болдым. Заң бұзушылық жоқ. Халықтың белсенділігі қуантып отыр мені», - деді.
№191 сайлау округінде 1888 сайлаушы тіркелген. Осы уақытқа дейін мұнда 600-дің үстінде сайлаушы өз таңдауын жасап үлгерген. Қала тұрғыны Мариям Әбілқайырова да "арнайы шақыртуды күтіп отыра алмадым. Құқымды ескеріп, елдің жанашыры болады деген партия мен халық қалаулысын таңдадым ", -дейді.